АИВ/ЖИТС емделе ме? Сүндеттеу АИВтен сақтай ма?
АИВ пен ЖИТС жайлы жиі қойылатын сұрақтарға жауап, жаңсақ пікірлерді жоққа шығару. Қай жерде анализ тапсыруға болады? Ол тегін бе? Ауырғандарды тегін емдей ме? Уыстап дәрі іше ме? Спойлер: АИВ жұқпасы емделеді, сүндеттеу АИВ жұқтырудан сақтайды. Толығырақ білгіңіз келсе, мақаланы оқыңыз.
\(1988\) жылдан бері бүкіл әлем жыл сайын 1 желтоқсанда Бүкіләлемдік ЖИТСке қарсы күрес күнін атап өтеді. Бұл күні әлем жұртшылығы бірігіп, АИВ жұқтырған не АИВке қандай да бір қатысы бар адамдарға қолдау көрсетіп, ЖИТСтен болған аурудан қайтыс болғандарды еске алады.
\(2020\) жылы әлем назары COVID-\(19\) пандемиясы мен оның салдарына ауып, күн тәртібінен түспей отыр. Бұл пандемия да денсаулық мәселесі теңсіздікке қарсы күрес, адам құқығы, гендірлер теңдігі, әлеуметті қорғау мен экономиканы дамыту секілді мәселелермен тығыз байланысты екенін дәлелдеп отыр. Сол себепті осы жылғы Бүкіләлемдік ЖИТСке қарсы күрес күнінің тақырыбы: Жаһандық ниеттестік, ортақ жауапкершілік.
Бұл дерттің белгілі болғанына ширек ғасырдан асса да, түрлі халықаралық ұйымдар мен мемлекет тарапынан ағарту жұмыстары жүргізілсе де, статусы оң адамдар әлі күнге дейін дискриминацияға ұшырап, қоғам іліп берген стигмалардан арыла алмай келеді. Бұл құбылыстың жоғалмауына бірден бір себеп — ағартау жұмыстарының салғырт жүргізілуі не адамдардың істелген жұмыстың маңыздылығын мойындамауында, соның салдарынан АИВ-оң адамдар жайлы бұрыс пікірдің қалыптасуы. Сол себепті осы мақалада АИВ пен ЖИТС жайында жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, жаңсақ түсініктерді жоюға тырысқым келеді.
АИВ пен ЖИТС деген не?
АИВ не АИТВ дегеніміз Адамдағы иммунтапшылық вирусы деген тіркесті белгілеуге арналған аббревиатура. Атауында тұрғандай бұл тек адамда болатын және иммунтапшылық тудыра алатын вирус.
Ал иммунтапшылық дегеніміз адамның иммунды жүйесінің организмге келіп түскен инфекцияға не басқа да ауруға төтеп бере алу қабілетінің әлсіреуі, жоғалуы. АИВ адамға жұққаннан кейін организмде АИВ инфекциясын тудырады.
ЖИТС дегеніміз Жүре пайда болған иммунтапшылық синдромы деген тіркесті белгілейтін аббревиатура. Көбіне ЖИТС деп АИВ инфекциясының ақырғы сатысын айтады, алайда ол тек шартты түрде дұрыс. ЖИТС дегенді толықтай түсіну үшін синдром дегеннің не екенін білгеніміз абзал. Синдром дегеніміз шығу тегі (этиология) және пайда болу механизмі (патогенез) бір белгілердің (симптом) жиынтығы, яғни ЖИТС дегеніміз АИВтің организмге тигізген әсерінен иммунды жүйе қызметінің әлсіреуі салдарынан пайда болған аурулар мен белгілердің жиынтығы. Оларға оппортунист инфекциялар, пневмоцист қоздырған певмония, туберкулез, Капоши саркомасы, Бөркит лимфомасы секілді аурулар жатады. АИВ жұқтырған адамдар тікелей вирустың өзінен емес, дәл осы ауруларға төтеп бере алмауынан қайтыс болады.
Оппортунист аурулар дегеніміз иммунды жүйесі қалыпты жұмыс істейтін адамдарда инфекция қоздыра алмайтын, яғни шартты-патогенді агенттер (бактерия, вирус зең, қарапайымдар) тудырған аурулар түрі.
АИВ қалай жұғады?
АИВ қан, шәует, шәует алды сұйықтық, қынап бөліндісі және ана сүті секілді дене сұйығында болады, сәйкесінше тек осы сұйық арқылы бір адамнан келесі адамға беріле алады, яғни АИВ ауа, су тамшылары, сілекей, зәр, тер, жас, жанасу арқылы жұқпайды.
Жыныстық қатынас арқылы АИВ жұға ма?
Иә, жұғады, алайда АИВтің жыныстық қатынас арқылы берілуі қаупі салыстырмалы түрде төмен десе болады, себебі вирус адамнан адамға жұғуы үшін шырышты қабат бүтіндігі бұзылуы керек, яғни вирус қанға өте алуы керек және сол сұйықтағы вирус инфекция тудыруға жеткілікті мөлшерде болуға тиіс. Жыныстық қатынас түріне қарай вирус жұқтыру қаупі бір реттің өзінде \(3\)%-ға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш жыныс мүшесінде жарақарт, жара не жыныс жолымен берілетін инфекция (ЖЖБИ) болғанда, зорлық кезінде көбейе түседі. Көріп тұрғандарыңыздай қауіп төмен, десе де бұл қорғаусыз жыныстық қатынасқа түсуге болады деген сөз емес. Мүшеқап тек АИВ емес басқа да инфекциялардан және жоспарланбаған жүктіліктен қорғайтынын есте сақтаңыз.
"Гомосексуал адаммен жыныстық қатынасқа түсуге болмайды, себебі АИВ жұқтыру қаупі жоғары", – деген рас па?
Бұл тұжырым қате, адам вирусты біреуден жұқтырып алса ғана оны басқа адамға жұқтыра алады. Сондықтан АИВ жұқтырмаған (онысы расталған) адаммен, мейлі ол гетеросексуал болсын, мейлі ЛГБТИК өкілі болсын жыныстық қатынасқа түскенде АИВ жұқтыру қаупі жоқ, себебі вирус жоқтан пайда болмайды.
Донор болып қан тапсырғанда АИВ жұқтырып алу мүмкін бе?
Қан доноры болсаңыз, сізден тек бір реттік құрал көмегімен қан алады, оны қадалауға құқығыңыз бар, егер барлық шара дұрыс орындалса, жұқтыру қаупі жоқ. Ал инфекция жұқтырған адамның қанын басқа адамға құйғанда (гемотрансфузия) вирус жұқтыру қаупі \(90\)%-дан жоғары екені белгілі. Алайда қазіргі кезде донор қаны толықтай тексерілетіндіктен, бұл жолмен жұқтыру жилігі төмендеп келеді. Сондай-ақ вирус жұқтырған адамның ағзасын не тінін алмастырғанда да вирус жұғуы мүмкін.
АИВ анадан балаға жұға ма?
АИВ анадан балаға жүктілік, босану және емізу барысында жұғуы мүмкін (\(15\)-\(30\)%). Алайда жүктілік барысында әйелге, ал босанғаннан кейін балаға антиретровирустық терапия жүргізілсе және бала шөлмектен тамақтанса, бұл қауіпті сейілтуге болады, осылайша қазіргі кезде АИВ-оң әйелдер еш кедергісіз отбасы құрып, дүниеге сау сәби әкеле алады. Бүгінде сатусы оң \(336\) қазақстандық әйел ана атанған.
АИВ сүйіскенде жұға ма?
Жоқ, себебі адамның ауыз қуысында болатын лизоцим ферменті АИВтің сыртқы қабықшасын бұзып, белсенсіз ете алады, сондай-ақ асқазан сөлі құрамында да АИВ молекуласын бұза алатын ферменттер болады. Алайда теория жүзінде ауыз қуысында қансырап тұрған ашық жара болатын болса, АИВ сүйіскенде де берілуі мүмкін.
Онда неге бала ана сүтінен вирус жұқтыруы мүмкін? Себебі балаларда аталмыш ферменттер белсенсіз болады.
АИВ моншада, хауызда, тұрмыста жұға ма?
Жоқ, себебі АИВ тек тірі организмде, нақтырақ жасуша ішінде ғана тіршілік ете алады. Вирус қоршаған ортада бірнеше минут қана тірі бола алады.
Стоматологияда, тату салонда, біреудің ұстарасын қолданғанда АИВ жұқтырып алу мүмкіндігі бар ма?
Әзірге дейін бұндай жағдай орын алмаған, алайда теория жүзінде залалсыздандырылмаған құрал-жабдық арқылы вирус жұқтыру қаупі бар.
Ал АИВ жұқтырған адам пайдаланған инені пайдаланғанда вирус жұқтыру қаупі \(0.67\)%, ал пайдаланылған инеден жарақат алғанда 0.30%. Сондықтан кез келген манипуляция алдында керек құралдың көзіңізше ашылуын не залалсыздандырылуын қадағалау қажет.
АИВ тек гомосексуал мен нашақорларға жұға ма?
АИВ деген вирус, ол кімге жұғып, кімге жұқпайтынын талғамайды. Оған тірі қалу керек, сол себепті организмге түссе, аман қалу қамын жасайды, сәйкесінше оны кез келген адам жұқтырып алуы мүмкін. Ал статистикаға сенетін болсақ, АИВ жұқтырғандардың көбі гетеросексуал адамдар.
АИВ жұқтырғанда қандай симптом болуы мүмкін?
Көбіне адамдар өзінің АИВ жұқтырғанын білмейді. Тек кей жағдайда (\(40\)-\(90\)%) дене қызымының жоғарылауы, бөріту, буын мен бұлшықеттің ауырсынуы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы секілді белгілер болуы мүмкін. Бұл көбіне жұқтырудан кейін \(2\)-\(4\) аптадан кейін, яғни вирусқа қарсы антидене пайда болған (сероконверсия) кезеңге сәйкес келеді.
АИВ инфекциясы өзі ешқандай көрініс бермейді және өте баяу дамиды, тек иммунды жүйе жасушаларының азаюы салдарынан иммунитит әлсіреп адам жиі ауырып, жүдейді. Ем жүргізбеген адам вирус жұқтырғаннан кейін шамамен \(11\) жыл өмір сүреді.
АИВ жұқтырған адам қанша жыл өмір сүреді?
АИВ жұқтырған адам ем жүргізбесе, жартысына жуығы он жыл ішінде ЖИТСке шалдығып, қайтыс болады. Алайда бұл бәрінде осылай болады деген сөз емес, бірінде бұл ұзақ уақыт алуы мүмкін, ал біреуі қысқа уақыт ішінде қайтыс болуы мүмкін, орта есеппен \(3\)-\(20\) жыл.
Ал антиретровирустық терапия (АРТ) жүргізген адам ұзақ әрі бақытты өмір сүре алады.
Ем жүргізетін АИВ-оң адаммен қорғаусыз жыныстық қатынасқа түсе беруге бола ма?
Егер ол адамдағы вирус титрі анықталмайтын (нөлдік) деңгейде болса, болады, алайда ЖЖБИ жұқтырып алмас үшін кіммен болса да қорғаулы жыныстық қатынасқа түскен дұрыс.
Жұбайы/серіктесі АИВ-оң адамдар не істеуі керек?
Бірінші кезекте АИВ жұқтырған кісі АРТ жүргізуі тиіс, ал оның серіктесі жұқтыруға дейінгі профилактика ретінде антиретровирустық препарат ішуі керек, не болмаса тек мүшеқаппен жыныстық қатынасқа түсуіне болады.
Екі АИВ-оң адамға бір-бірімен қорғаусыз жыныстық қатынасқа түсе беруіне бола ма?
АИВ вирусының екі түрі болады: АИВ-\(1\) және АИВ-\(2\). Бір түрін жұқтырған адам екінші түрін қоса жұқтыратын болса, суперинфекция деп аталады, ол әдеттегіден ауыр өткеріледі, сол себепті бұны болдырмаған дұрыс.
АИВтің алдын алуға бола ма? Одан қалай сақтанам?
Әрине, ол үшін жоғарыда айтылған жұғу жолдарын болдырмау қажет.
АИВті жұқтырмау жолдары:
- Қанша жерден сенімді серіктес болса да, қорғаулы әрі жарақатсыз жыныстық қатынасқа түсу
- Жыныстық өмірді ерте бастамау
- Ретсіз жыныстық қатынастан аулақ болу
- Мүшеқапты дұрыс таңдау, сақтау, пайдалану
- Құрал-жабдықтың дұрыс залалсыздандырылуын қадағалау
- Жыныстық өмір сүрсеңіз, жылына \(1\) рет анализм тапсыру
- Жұқтырмау үшін емделу (АИВ-оң адамдардың инфекцияны өзгеге жұқтырмауы үшін АРТ жүргізуі)
- Жұқтыруға дейінгі профилактика (АИВ-оң адаммен жыныстық қатынасқа түсерде, АРТ жүргізу)
- Жұқтырудан кейінгі профилактика (АИВ-оң адаммен әлдебір қатынас (жыныстық қатынас, инеден жарақат алу т.с.с.) болған жағдайда \(48\)–\(72\) сағат ішінде АРТ жүргізу)
- Ерлерді сүндеттеу
Мүшеқап қаншалықты тиімді?
ДСҰ мәліметінше мүшеқапты дұрыс сақтап, дұрыс пайдаланған жағдайда АИВтен қорғау дәрежесі \(80\)% жоғары. Алайда бұл саннан қорықпаңыз, себебі бұл көрсеткішті есептеу үшін БҰҰ кіретін барлық елдегі мәлімет ескерілген. Сапалы, өлшемі дұрыс, сақтау шараларына сәйкес сақталған мүшеқапты дұрыс пайдаланса, қауіп сейіле түсетінін ескеріңіз.
Сүндетке отырғызу АИВ жұқтыру қаупін азайта ма?
Иә, ер адамды сүндеттеу вирустың әйелден ерге берілуін төмендетеді. Алайда бұл сүндетке отырған ер адаммен мүшеқапсыз-ақ жыныстық қатынасқа түсуге болады деген сөз емес, себебі жұқтыру қаупі сақталады.
АИВ бар-жоғын анықтау үшін не істеу керек? Еш себепсіз тексерілуге бола ма?
Арнайы бұйрық негізінде Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар, шетел азаматтары мен ҚР территориясында тұратын азаматтығы жоқ адамдар тегін, ерікті әрі аноним түрде вирус анықтауға тексеріле алады және мемлекет анализ нәтижесі құпия қалатынына кепілдік береді.
Анализді тұрғылықты қалаңыздағы кез келген ЖИТС орталығына қарасты зертханада не тіркелген емханаңызда тапсыра аласыз. Қалаңыздағы зертхана мекенжайын Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы сайтынан білуге болады.
Вирус жоқ екенін дәлелдейтін анализ нәтижесі бар болса, қорғаусыз жыныстық қатынасқа түсе беруге бола ма?
Арасына \(3\) ай салып, екі рет тапсырылған анализ ғана дәйекті бола алады, одан бөлек сол аралықта вирус жұқтырып қалу қаупі бар жағдай (қорғаусыз жыныстық қатынас, нашақорлық, инеден жарақат алу т.с.с) болмауы керек. ЖЖБИ-ден қорғайтын ең тиімді әдіс мүшеқап пайдалану екенін ұмытпаңыз.
АИВ/ЖИТС жайлы ақпарды аноним түрде кімнен сұрауға болады?
Қазақстанның әр қаласында ЖИТСке қарсы күрес және алдын алу орталығы болады. Сол орталықтағы арнайы кабинеттерге тікелей барып не арнайы телефон арқылы хабарласып, кез келген мазалаған сауалыңызға жауап ала аласыз. Сондай-ақ арнайы сенім нөміріне хабарласып та сұрақ қоя аласыз. Аталған мәліметті тек ресми сайттан алғаныңыз абзал.
ЖИТС орталықтарынан тегін мүшеқап алуға болады деген рас па?
Иә, арнайы топ өкілдері ЖИТС орталықтарынан аутрич-қызметкер арқылы не арнайы кабинеттен тегін мүшеқап ала алады.
Зертханаға бармай-ақ басқа анықтауға болатын әдіс бар ма?
Иә, қазіргі кезде сілекей бөліндісі арқылы АИВ инфекциясын анықтауға арналған шұғыл-тест бар. Қазақстанда да бұл әдіс арқылы анықтауға болады, ол жайлы өз қалаңыздағы ЖИТСке қарсы күрес және алдын алу орталықтарынан біле аласыз. Алайда диагнозды тек дәрігер қоятынын есте сақтаңыз.
АИВ инфекциясы емделе ме?
Қазіргі кезде әлемде \(3\) адам АИВ инфекциясынан толықтай айығып шыққан. Оның алғашқы екеуі сүйек кемігін ауыстырып жазылса, соңғысы тек дәрі ішіп айыққан. Сол себепті болашақта бұл дерттен толықтай айығу ықтималдығы жоғары. Олай болмағанның өзінде АИВ бар екені анықтала салысымен, тұрақты түрде белсенділігі жоғары антиретровирустық терапия (БЖАРТ) жүргізілсе, вирус титрін анықталмайтын деңгейге түсіруге болады. Қазіргі кезде БЖАРТ жүргізетін АИВ-оң адамдар еш кедергісіз қалыпты өмір сүріп, отбасын құрып, бала сүюде.
Сондай-ақ АИВ жұқтырғаны расталған адамдар БЖАРТ препараттарын мемлекеттен тегін түрде ала алады. Қазіргі кезде Қазақстанда \(24 389\) адам АИВ вирусын жұқтырған, оның \(16 666\) АРТ жүргізіп жатыр.
"АИВке қарсы дәрілерді уыстап ішеді, олар бауырды отырғызады, жанама әсері өте көп." деген рас па?
Бұл тұжырым бұрынғы дәрілер жайында айтылған. Қазіргі кезде БЖАРТ - АИВ инфекциясын емдеудегі ең тиімді әрі қауіпсіз әдісі.
Қазіргі кезде әлем ғалымдары АИВке қарсы препараттардың барынша тиімді әрі қауіпсіз болуына жұмыс жасап жатыр. Соның арқасында ең соңғы шыққан препараттардың жанама әсері жоқ деуге болады, ал терапияның өзі тәулігіне бір рет ішетін таблетка түрінде немес бір не екі айда 1 рет салынатын инъекция түрінде жүргізіледі.
АИВке қарсы вакцина бар ма?
АИВ вирусының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты әзірге бұл вирусқа қарсы вакцина жоқ.