IChO 2020-дағы Қазақстан құрама командасымен сұхбат

IChO 2020-дағы Қазақстан құрама командасымен сұхбат

\(2020\) жылы шілденің \(23\)-і мен \(29\)-ы аралығында \(52\)-і Химиядан халықаралық олимпиадасы өткен болатын (International Chemistry Olympiad, IChO, мектеп оқушыларына арналған ең беделді халықаралық олимпиадалардың бейресми қауамдастығы болып табылатын ISO-ға кіреді). Олимпиада Ыстанбұлда өткізілуі тиіс еді, бірақ COVID-\(19\) пандемиясының кесірінен онлайн форматта жүзеге асырылды.

Биыл Қазақстан Республикасының құрамасының мүддесін Қаирбек Хайдар, Абдугафарова Кибриянур, Сейсенқұл Бақдәулет пен Мужубаев Әбілмансұр білдірді. Төрт қатысушы да қола медальдерге ие болды. Біз олардан өткізілген олимпиададан алған сезімдері жайлы, қызығушылықтары мен болашаққа жоспарлары туралы білуді шештік.

Қатысушылар туралы

Абдугафарова Кибриянур. Фотосуретті жеке өзі ұсынған.

Кибриянур қазір Халықаралық Galaxy мектебінің 12 сыныбында оқиды. Ол химиядан өзінің алғашқы медалін, нақтылап айтқанда, \(9\)-сынып оқуышыларының арасындағы облыстық олимпиадасындағы күміс медалін \(8\) сыныпта алды. Республикалық олимпиадада үш рет \(2018\), \(2019\), \(2020\) жылдары алтын медальді иеленді. Осы жылы құрама команда мүшесі болып, Менделеев олимпиадасы мен (IChO) Химиядан халықаралық олимпиадасының қола медальдеріне ие болды. Туймаада олимпиадасының кіші және жоғарғы лигасында екі рет қоланы, сонымен қатар Бектұров атындағы химия бойынша олимпиадада екі рет қола медальді жеңіп алды.

Халықаралық Менделеев химиялық олимпиадасы Бүкілкеңестік олимпиаданың мирасқоры болып саналады және жыл сайын сәуірдің аяғында не мамырдың басында негізінен ММУ профессорларынан тұратын, Ресейден келген қазылар алқасы коллегиясымен өткізіледі. Көп қатысушылардың ойынша, тапсырмалардың күрделілік деңгейі IChO-дан қалыспайды, кейде тіпті асып түседі.
Халықаралық Бектұров олимпиадасы — салыстырмалы түрде жас олимпиада. Ол \(2015\) жылдан бері өткізіліп келеді және «Дарын» РҒПО-ның Павлодарлық филиалымен (Ертіс Дарын) ұйымдастырылады. Олимпиадаға Қазақстан мен Ресей оқушылары қатысады.
Мужубаев Әбілмансұр. Фотосуретті жеке өзі ұсынған.

Әбілмансұр астаналық ФМБ НЗМ-нің түлегі. Оның алғашқы маңызды жарысы \(11\) сынып кезінде Павлодар қаласында 2019 жылы өткізілген Бектұров атындағы олимпиада атаңды, сонда ол үшінші орынға ие болды. \(12\) сыныпта алғаш рет желілік кезеңнің нәтижелері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне өтті, ал екі айдан кейін Бектұров олимпиадасында бірінші орынды иеленді. Кейін сол жылдың шілде айында рейтингтік олимпиада өтті, Әбілмансұр онда абсолют екінші болып, халықаралық олимпиадада ел мүддесін қорғау мүмкіндігіне ие болды. Менделеев және Халықаралық химиялық олимпиадалардың қорытындылары бойынша екі байқауда да қола жүлдегер атанды.

Сейсенқұл Бақдәулет (төменгі қатардың оң жағында). Фотосуретті жеке өзі ұсынған.

Бақдәулет Нұр-Сұлтан қ. БИЛ-нің \(11\) сыныбында оқиды. Ал \(9\) сыныпта алғаш рет РХО-ға (республикалық химиялық олимпиада) өткен еді, бірақ тек құрмет грамотасына ие болды. \(54\)-і Менделеев олимпиадасы мен IChO қола жүлдегері. \(2019\) жылы Туймаада халықаралық олимпиадасына қатысты (қазылар алқасынан арнайы сыйлық), сонымен қатар \(2020\) жылы Бектұров олимпиадасында бірінші орын алды.

Қаирбек Хайдар. Фотосуретті жеке өзі ұсынған.

Хайдар \(7\) сыныптан бері Павлодар қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып келеді. \(9\) сыныптан бастап үш рет Республикалық олимпиадаға қатысты және үш алтын медальді жеңіп алды. \(2019\) жылы Халықаралық Менделеев химия олимпиадасында қола медальді жеңіп алды, ал 2020 жылы олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Осы жылы алғаш рет Халықаралық химиялық олимпиадаға (IChO) қатысып, қола медальге ие болды. Сонымен қатар, «Туймаада» Халықаралық олимпиадасында екінші орынға ие болды, ал соңғы екі жыл бойы Халықаралық Бектұров олимпиадасында бірінші орынды иеленген.

Химия мен олимпиадалар туралы

Химиядан олимпиадалармен қалай және қашан айналыса бастадыңдар? Олимпиадалармен неге айналыса бастадыңдар? Неге химияны таңдадыңдар?

Бақдәулет: Химиямен \(7\) сыныптың ортасында айналыса бастадым. Менің химияға қалай келгенім өте қызықты оқиға. \(7\)-сыныптың басында мен олимпиада деген не екенін білмедім. Лицейде шахмат клубы болды, мен сыныптастарыммен шахмат ойнай бастадым. Бірақ көп ұзамай шахмат клубы жабылып, мен география олимпиадасына қатыстым. Шынымды айтсам, неге мені сонда таңдағанын білмеймін. Содан кейін екінші тоқсанда маған қазақ тілінен апай олимпиадашы болуды ұсынды, өйткені мен сол кезде тілді жақсы білетінмін және сөзсіз келістім. Иә, бұл біртүрлі естілуі мүмкін, бірақ солай болды. Екінші тоқсанның соңында мен өзім үшін танымды іспен айналысу керек екенін түсіндім. Физикаға барғым келген, бірақ мені алмады, себебі мен іріктеу емтиханынан өте алмадым. Таңдаудағы келесі пән химия болды, онымен әлі күнге дейін айналысып келемін. \(9\)-сыныпқа дейін ол қолымнан келмеді, бірақ мен берілмей, онымен айналысуды жалғастыра беруді шештім.

Әбілмансұр: Тоғызыншы сыныптан кейін мені кездейсоқ Шымкент қаласындағы НЗМ үшін ОЖЖ-ға жіберді, онда мен қазіргі күнге дейін осы тар жолды бірге кешіп жүрген адамдармен таныстым. Сол жазда маған жақсы жұмыс жасап жүргенімдей көрінді, бірақ бұл мүлдем олай болып шықпады. Нәтижесінде, 10-сыныпта кейбір мықты олимпиадашылар халықаралық олимпиадаға бара жатқанда, мен олимпиаданың мектеп кезеңінен өтпей қалдым. Олимпиаданың ең алғашқы кезеңінен ұтылдым деген ой мені қынжылтты, сол кезде мен олимпиададан біраз уақыт бас тарттым. Қаңтар айында желілік кезең болды және менің достарым Алматыда болды, ал мен осының барлығын үйден бақылап отырдым. Сол кезде берілуге әлі ерте екенін түсіндім және Clayden-ді (ескерт. Органикалық химия оқулығы) аштым. Келесі үш айда мен органика бойынша білімімді жақсы кеңейттім және дәл осы уақыт дайындыққа деген саналы көзқарастың ашылуы болды деп санаймын.

Кибриянур: Мен олимпиадалық химияны \(8\)-сыныпта бастадым. Бірақ мен оған бейсаналы түрде келдім.

Жазда \(7\)-сыныптан кейін мен \(8\)-сыныпта жаңа пән болатын химиямен айналысуды ұйғардым. Кітаптармен қаруланған мен жаз бойы химия пәнінен \(8\)-сынып бағдарламасын аяқтадым және оған ғашық болдым деп айтуға болады. Шынымды айтсам, мен бәрін түсінген жоқпын, бірақ бәрін түсіне білу мен үшін өте қызықты болды. Бұл менің \(7\)-сыныпта оқыған олимпиадалық физикадан (ол жерде менде бір марапат болды, облыстық олимпиададан қола), химияға ауысуымның басты себебі болды. \(8\)-сыныпта мен облыстық олимпиада арқылы іріктеліп, республикалық олимпиадаға өте алдым, бірақ онда ештеңе жеңгенім жоқ. Республикалық олимпиада мен үшін үлкен тәжірибеге айналды және әрі қарай жұмыс істеуге түрткі болды.

Хайдар: Шын мәнінде, мен олимпиадалармен НЗМ-не дейін айналыса бастадым және негізінен информатика мен математикадан дайындыққа баса назар аудардым. Алайда мен НЗМ-не ауысқан кезде өзімді химияда сынап көргім келді және мүмкін химиямен біраз таныс болуым үлкен рөл атқарды (НЗМ-не дейін химия пән ретінде \(5\)-сыныптан бастап оқытылатын «Жас Дарын» мамандандырылған мектебінде оқыдым). Бұл артықшылық маған дайындық кезінде қызығушылықты жоғалтпауға көмектесті. Сегізінші сыныпта менің айналамда химия пәніне дайындалып жүрген алты адам болды және біз \(9\)-сынып деңгейіндегі тапсырмаларды шешу үшін кешкі \(7\)-ге дейін мұғаліммен қалып жүрдік. Менің ойымша, дәл осы кешкі сабақтар Республикалық олимпиадаға дайындықта маңызды рөл атқарды. Алдағы уақытта оқу-жаттығу жиындары мен олимпиадаларға бару менің олимпиадалық химиямен айналысуға деген ықыласымды күшейтті.

Химия бәрінен де несімен ұнайды? Ол несімен тартымды?

Бақдәулет: Маған ең қатты ұнайтыны — бұл химияның барлық қолданбалы ғылымдарды байланыстыратын ғылыми көпір екендігі. Яғни, химия физика, биология және математиканы біріктіреді. Мысалы, физиканы физхимиядан табуға болады. Ал химиядағы ең сүйікті бөлімім, әрине, органика болып табылады, өйткені формулаларды жаттап алудың қажеті жоқ, тек логика қажет және органикалық заттардың өзі өте әдемі және қызықты)

Бектұров олимпиадасының жабылу салтанаты кезіндегі Хайдар, Бақдәулет және Әбілмансұр. Фотосуретті олимпиадашылар сұхбат үшін арнайы ұсынды.

Әбілмансұр: Химияда маған оның қисындылығы әрдайым ұнайтын. Еш себепсіз бірдеңе болмайды және бәріне дерлік (сәлем, кванттар!) түсініктеме беруге болады. Егер сен түсінік бере алмасаң, онда сен аз ойланып жатырсың.

Кибриянур: Бала кезімнен маған техникалық пәндер қызықты болды. Химиядан бұрын мен математика мен физикамен айналыстым, бірақ маған химия қатты ұнады. Менің ойымша, олимпиадалық химия — бұл бәрінің үйлесімі: теорияны оқу, есептерді шешу, логикалық ойлау мен сұлулықты қолдану. Химия жай ғана менің махаббатым). Жеке мені химия ешқашан жалықтырмайды, өйткені көңіліңді теориядан есептер шешуге немесе эксперименттер жасауға ауыстырсан болады.

Биылғы жылы IChO және Менделеев олимпиадасы ерекше форматта өтті. Онлайн олимпиадаға қатысқаныннан алған әсеріңіз туралы айтып берісеңіздер. Сіздерге не ұнады және не ұнамады? Тапсырмалар сіздер күткеннен қаншалықты ерекшеленді?

Хайдар: Менің ойымша, биылғы жылы олимпиадалар қашықтықтан өткендіктен, басқа елге барғандағы немесе марапаттау кезінде алған эмоцияларға мүлдем сай келмейді. Халықаралық олимпиаданы емес олимпиаданың мектеп кезеңін жазғандай болдық. Негізінен ұйымдастырылу жоғары деңгейде болды, дегенмен Менделеев олимпиадасында байланыс жиі үзіліп, кейде проктор көріп тұр ма, жоқ па екенін білмедік. Ұйымдастыру бойынша Халықаралық химиялық олимпиада жақсы болды, өйткені байланыс тұрақты болды және маған тапсырмалардың техникалық бөлігімен және басып шығаруымен айналысатын адам бекітілді. Маған тапсырмалар жиынтығын шешу ғана керек болды.

Кибриянур: Мен кезеңдер алдында біраз уайымдадым, бірақ қатты қобалжу болған жоқ. Мен жай үйден шығып, мектепте IChO жаздым!

Алайда мұның бәрі әдеттегідей офлайн болғанын қалар едім: эмоцияларды сезіну, әртүрлі елдердің адамдарымен танысу. Сайып келгенде, мен биылғы олимпиада пандемияға қарамастан өткізілгеніне және біздің жылдық жұмысымыз бекер болмағанына өте қуаныштымын. Турларға келетін болсақ, маған IChO және Мендельдің тапсырмалары өте ұнады, оларды шешу қызықты болды. Тапсырмалар қызықты және кейде қиын болды, бірақ шешімдері бар екені сөзсіз еді.

Әбілмансұр: Маған онлайн формат үйреншікті болды, карантин кезінде мен бірнеше шағын олимпиадаларға, соның ішінде Pagodane олимпиадасына қатыстым. Жауапкершілік сезімі мен олимпиада масшатабының әсерінен кішкене стресс болды, бірақ, тапсырмаларды шешкен кезде, бұл туралы ұмытасың. Менделеев олимпиадасында техникалық бөлім аздап тежеді, проктордың келмеуіне байланысты біз шамамен бір сағат күттік және бұл уақыт өтелмеген еді. Менделеев олимпиадасының тапсырмалары кез-келген басқа олимпиаданың тапсырмаларына қарағанда дәстүрлі түрде күрделі және бұл жолы да ештеңе өзгерген жоқ. IChO әлдеқайда жақсы өтті, тапсырмалар басып шығарылды, сондықтан жазу өте ыңғайлы болды. Ондағы тапсырмалар, негізінен қарапайым болды, бірақ олар көптеу еді.

Бақдәулет: Әрине, екі халықаралық олимпиаданың да онлайн форматта өткізілгені өкінішті. Менделеев олимпиадасында байланыс мәселелері мен өздік қиындықтары болды. Олимпиаданың соңында парақтарды сканерлеп, файлды платформаға жүктеу керек болатын. Екінші турдан кейін мен барлық парақтарды сканерлеп, файлды жібердім, бірақ, өкінішке орай, қате орын алды. Мен \(50\) беттен тек бір парақты ғана жібергенім белгілі болды. Маған әр жеке парақты қайта жинауға тура келді. Содан кейін мен файлды қайтадан жібердім, бірақ проктор парақтарды рет-ретімен жинау керек деді. Бұл қиын болды, менің барлық парақтарымда әртүрлі атаулар болды, мен олардың не екенін білмедім. Нәтижесінде мен оны реттей алдым, бірақ мен кем дегенде бір сағат отырдым. IChO форматы өте ыңғайлы болды. Бізге барлық беттерді сканерлеудің қажеті болған жоқ, тапсырмаларды біздің орнымызға прокторлар сканерленді (оларға көп рахмет), бұл қиындық санын азайтты. Біздің прокторларымыз камераны бақылап отырғандықтан, біз жұмыстан басқаға мүлдем алаңдамадық. Тапсырмалар туралы айтатын болсам, олар өткен жылдардан өзгеше болды. IChO өткен жылмен салыстырғанда өте жеңіл болды, ал Менделеев керісінше қиын болып көрінді.

Пандемия сіздің олимпиадаға дайындығыңызға және жалпы өміріңізге қалай әсер етті? Халықаралық олимпиадаға іріктеу қалай өтті?    

Әбілмансұр: Республикалық олимпиада наурыз айында өткізілуі тиіс еді, бірақ түсінікті себептерге байланысты ол белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Республикалық олимпиаданың қашан өтетіні және оның қалай өтетіні туралы көптеген қауесеттер болды, бірақ бұл туралы ресми шешім болған жоқ. Мен, әрине, оған дайындықты жалғастырдым, бірақ жазға жақын біраз демалдым. Содан кейін маусым айында республикалық онлайн-жиындар болды, онда біз бірнеше теориялық емтихандар жаздық. Олар таза жаттығу болды және іріктеуге әсер етпеді, бірақ мен олардан кейін қандай да бір форманы сақтап тұру керек екенін түсіндім. Маусым айының соңында немесе шілде айының басында олар IChO-ға іріктеу болатынын хабарлады, мен бір-екі апта қарқынды дайындалдым. Іріктеу онлайн өтті, біз дәстүрлі теория \(70\)+практика \(30\) комбинациясының орнына екі теориялық тур (\(55\) + \(45\)) жаздық. Ұйымдастырылу, мойындау керек, жаман емес еді. Академиялық адалдықты бұзу қаупі өте төмен болды, апелляция өткізілді және бізге авторлық тапсырмаларды берді.

Хайдар: Мен пандемия дайындыққа қатты әсер етпеді деп айтар едім, бірақ іріктеу мен халықаралық олимпиадалар жалпы өтеді ме деген белгісіздік болды. Ұлттық құрамаға іріктеу олимпиаданың республикалық кезеңіне өткендердің арасында қашықтықтан өткізілді және Халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысуға тиіс сегіз адам іріктелді. Халықаралық химиялық олимпиадаға төрт адамнан тұратын команда іріктелді және Менделеев олимпиадасының іріктеу кезеңі мен екінші турының нәтижелері ескерілді.

Сіз IChO-дағы атқарған еңбегіңізбен қанағаттанасыз ба? Олимпиадаға байланысты өкініштеріңіз бар ма?

Кибриянур: Мен өз нәтижемді қабылдадым (өзімнен бұдан көбін күткеніме қарамастан) және бұл үшін қайғыға батудың қажеті жоқ. Әрқашан көпке қол жеткізгіңіз келіп тұрады және бұл ой өте дұрыс. Ол үшін сіз одан әрі жұмыс істеп, тек алға қарауыңыз керек. Олимпиададан кейін мен өзімнің әлсіз тұстарымды анықтадым, олимпиадаларда одан әрі өнер көрсету үшін олармен жұмыс жасауды ойлап жүрмін. Маған time managment-ті дамыту керек, өйткені IChO-да көп тапсырма беріледі, мен тіпті, кейбір ішкі тармақтарды оқып үлгермедім. Кейде мен өте алаңғасармын, кейде өте ақымақ және күлкілі қателіктер жібереп қоямын. Абайсызда шартты соңына дейін оқымай қаламын немесе күрделетіп жіберемін, яғни оңай тапсырманы қиындыққа айналдыра, ұпайларды жоғалтамын.

Әбілмансұр: Нәтижеме көңілім толмайды, бірақ мен осы олимпиадаға қатыса алғаныма қуаныштымын. Уақытты жақсырақ жұмсауға болатын еді, тапсырмаларға мұқият қарап, дұрыс аңғарып, күміске үміттенуге болатын еді. Алайда өткен нәрсе өткеннің еншісінде. Менің ойымша, соңында неге лайық болсаң соның жемісін көресін. "Ағаш отырғызудың ең жақсы екі уақыты бар: қазір және жиырма жыл бұрын" демекші бұрын бастамағаныма өкінемін. Сондай-ақ, мен халықаралық олимпиадалардың тапсырмаларын шешуде батыл болмағаныма өкінемін. Мұндай олимпиадалардың тапсырмалары өте күрделі болып көрінеді, сондықтан да шешуге зауқыңды түсіреді. Бірақ іс жүзінде, бастысы бастау қажет, кейінгісі оңайырақ болады. Жалпы өкінбеу керек! Мен өткеннің қателіктерін қабылдауға тырысамын және сол жерден әрі қарай шешім қабылдаймын.

Бақдәулет: Олимпиада өте жеңіл болды, бірақ мен әдеттегідей мұқалып қалдым. Уақыттың көп бөлігін мен органика және аналитика туралы тапсырмаларға жұмсадым, ал кванттар туралы мүлдем ұмытып кеттім. Сондықтан мен кванттардан аз ұпай жинадым. Егер нәтижелер туралы айтатын болсақ, онда мен оларға ризамын, өйткені кем дегенде бір тапсырма толық балл жинады.

Биылғы жылы практикалық турдың болмағаны сіз үшін жақсы болды ма, әлде жаман болды деп ойлайсыз ба?

Хайдар: Мен биылғы жылы практикалық тур болмағанына өте қуаныштымын, өйткені бұл менің әлсіз тұсым еді. Мысалы, 2019 жылы Менделеев олимпиадасында мен реагенттерді шатастырып алдым, ал ең қызығы – органикалық синтезде метанолды дистилденген сумен шатастырдым, нәтижесінде колбаны шайған кезде оның қызып жатқанына таң қалдым.

Бақдәулет: Практикалық тур менің нәтижелерімді нашарлатуы мүмкін еді. Туймаадада экспериментті бүлдіргенім есімде, бірақ бірінші турда күміске үміткер болған едім. Эксперимент өте күрделі болды, бірақ 30-дан 8 баллды қалай алуға болады?! Нәтижесінде, мен ештеңе алмадым, сол кезден бастап мен кез-келген экспериментте сәтсіздікке ұшырайтын сияқты ішкі сезімім бар.

Кибриянур: Практикамен көңілдірек болар еді) Маған тәжірибе өткізген ұнайды, бірақ биыл пандемияға байланысты олимпиадаға дейін біз лайықты деңгейде дайындала алмас едік. Менің ойымша, бұл тұрғыда бәрі жақсы болды.

Олимпиадаларға қатысу сізге не берді (жаңа тәжірибе, таныстар және т. б.)?

Әбілмансұр: Олимпиада — бұл ең алдымен коммьюнити. Мен осы жол бойында серіктерім атанған көптеген достар таптым. Осы күнге дейін олардың көпшілігімен белсенді байланыстамын. Мен басқалар үшін қалай екенін білмеймін, бірақ олимпиадалар маған ең бастысы – өзіңе сену екенін көрсетті. Сізге бәрі сенбеуі мүмкін, достарыңыз, мұғалімдеріңіз, таныстарыңыз, зертханашылар, тіпті, ата-анаңыз, бірақ сіз өзіңізге деген сенім болғанша жеңілмейсіз. Және стандартқа сәйкес: табандылық, шоғырлану, стресске төзімділік және логикалық ойлау. Мұның бәрі олимпиадаға дайындық кезінде менің бойымда дамыды.

Кибриянур: Олимпиадалардың арқасында мен өзімді-өзім тәрбиелеуді, оқу процесінен ләззат алуды үйрендім және көптеген тамаша адамдармен таныстым. Менің ойымша, төрт жыл ішінде менің мінезім және әлемге деген көзқарасым қалыптасты. Әрине, олимпиадалар көптеген естеліктер қалдырады. Ең есте қаларлық болған және мен үшін қала беретін олимпиада – бұл Габоронеде (Ботсвана) өткен IJSO. Бұл менің халықаралық деңгейдегі алғашқы және ең қызықты олимпиадам болды.

Юниорларға арналған халықаралық жаратылыстану олимпиадасы бастауыш сынып оқушыларына арналған ISO-ның бір түрі болып табылады. Олимпиада ережелеріне сәйкес, қатысушылар 15 жастан аспауы керек. Тапсырмалар форматы физика, химия және биология бойынша логикалық тапсырмаларды бір уақытта шешуді қарастырады. Қазақстанда IJSO-ға іріктеу мамыр айының соңында Юниорларға арналған республикалық олимпиада арқылы өтеді.

Хобби және жоспарлар туралы

Химия олимпиадаларынан басқа немен айналысасыз? Мүмкін хоббиіңіз бар шығар?

Кибриянур: Бос уақытымда мен түрлі қызықты жобалармен айналысқанды, музыка тыңдағанды және достарымен бірге велосипед тепкенді ұнатамын.

Әбілмансұр: Бос уақытымда өзімді футболға арнаймын, ойнаймын және кәсіпқойлардың ойынын бақылаймын. Өмірімнің қандай да бір кезеңінде мен тіпті, бес жыл бойы «Астана» футбол клубының жасөспірімдер командасында өнер көрсеттім. Қазақстанның көптеген қалаларында болдым, ұлттық турнирлердің жүлдегері атандым. Мектепте үнемі құрама команда құрамында ойнадым.

Хайдар: Хоббиден тек спидкубингті, атап айтқанда Square-\(1\) құрастыруды айтсам болады (әртүрлі жарыстар өткізілетін WCA пәндерінің бірі). Сондай-ақ, бос уақытымда коньки тебуді және кино көруді ұнатамын.

Сіз қандай музыканы тыңдайсыз?

Кибриянур: Оқу барысында классикалық музыканы, атап айтқанда Ludovico Einaudi және Hanz Zimmer композицияларын, ал жүгіру кезінде Taylor Swift пен Coldplay-ды тыңдаймын.

Бақдәулет: Музыкадан маған \(90\)-шы жылдардағы ескі әндерді тыңдау ұнайды. Eagles — сүйікті тобым))

Әбілмансұр: Музыкада ерекше ұнататын жанрларым жоқ. YouTube-тен кездейсоқ cover орындаушыларын тыңдағанды ұнатамын. Қазір мен Shiloh Dynasty, Neighbourhood, Dennis Lloyd-ты тыңдаймын.

Сізге қандай фильмдер ұнайды?

Хайдар: Фильмдерден «Interstellar», «Inception», «The Social Network», «Harry Potter»-дің соңғы бөлімдері, «Zero Dark Thirty», «Molly’s Game», «Miss Sloane», «The Wolf of Wall Street», «Catch Me If You Can», «One Day», «Enemy» мен «Demolition»-ды атап көрсетер едім.

Әбілмансұр: Фильмдерді өте сирек көремін, маған сериалдар ұнайды. Шынымды айтсам, басталғаннан кейін тоқтау қиын болуы мүмкін. Сондықтан, егер мен бір нәрсені көре бастасам, онда істі аяқтамаған сезімін сезбеу үшін binge watch жасауға тырысамын. Сериалдың бір маусымын бір күнде көріп тастағанға дейін жеткен кездерім болды. Соңғы көргенім — the Umbrella Academy.

Бақдәулет: Соңғы уақытта түрлі фильмдер мен сериалдарды көп көре бастадым. Ең сүйікті фильмім — «Игры Разума».

Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Қайда барғыңыз келеді? Кімге оқығыңыз келеді? Кім болып жұмыс істегіңіз келеді?

Әбілмансұр: Өзімді әлі көптеген салаларда сынап көргім келеді. Менің ойымша, мен әлі өзімді таппадым. Химия әрқашан нұсқа болып қала береді, бірақ сіз әлі қанша дүниені байқап көрмегеніңізді түсінген кезде, бұл сізді таңдау жасауға асықпауға мәжбүр етеді. Егер де жинақтасақ, әлем үшін пайдалы болғым келеді және жәй өзімнен асып түсетін іс атқарғым келеді.

Бақдәулет: Болашақта химияны өз саламда қолдануды жалғастырамын деп ойлаймын. Қазір шетелде Chemical Engineering-ке оқуға түсуге бағдарланамын.

Хайдар: Мен болашақта не істегім келетінін әлі білмеймін, бірақ қазір мені химиялық инженерия қызықтырады. ЖОО маған әрі қарай не істегім келетінін анықтауға көмектеседі деп үміттінемін және өз мамандығымды түбегейлі өзгертуім де мүмкін

Оқырмандарға тілектеріңіз

Бақдәулет: Сіз үшін жаңа нәрсені көруден ешқашан қорықпаңыз және әрқашан алға ұмтылыңыз дегім келеді.

Хайдар: Өзіңізге ұнайтын нәрсемен айналысыңыз және өзіңізді күн сайын ынталандыратын адамдармен қоршаңыз.

Кибриянур: Барлығына химияны ұнатуды немесе сіз жоғары деңгейге жететін нәрсені табуды тілеймін. Олимпиадашыларға тапсырмаларды шешумен қатар, көптеген теорияны оқып, есептерді автоматты түрде шешіп қана қоймай, тақырыптарды түсінуге тырысыңдар деп айтқым келеді. Шаршап қалмас үшін және шамадан тыс жүктелмеу үшін уақыттарыңызды жақсы жоспарлаңыздар!

Әбілмансұр: «Табыс —бұл өзіңе деген сенім және қажырлы еңбек» деп бір кезде маған да айтылған болатын. Сондықтан еңбек етіңіз және өзіңізге сеніңіз!

BeyondСurriculum платформасынан алынған материалға кез келген дәйексөзіне дереккөзге белсенді сілтеме болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Аударған: Аяулым Төребекқызы

Редактор: Дильназ Жемісбек