[Beyond Robotics] Робототехника саласындағы нәзік жандылар

[Beyond Robotics] Робототехника саласындағы нәзік жандылар

«Математика - бұл әйел істейтін іс емес!»
«Бағларламалау әйелдердің қолдарынан келе бермейді және бұл әдеттегі жағдай»
«Сіз көп инженер әйелдерді білесіз бе? Иә, иә көп емес ғой»

Сіз мұны қаншалықты жиі естідіңіз? Күніне, айына немесе жылына бір рет пе? Әрине, \(1980\) жылдан бастап әлемде «гендерлік» климат айтарлықтай өзгеріске ұшырады: жалақыдағы айырмашылық азайды, әйелдердің көбісі ғылыми журналдарда жарияланып, кәсіби құрметтер мен ғылыми зерттеулерді жүргізудегі гранттарға ие болып жатыр.

Алайда ғылым, технология, техника және математика (STEM) салалары  әйелдер үшін қол жетпейтін орын болып қала береді. ЮНЕСКО-ның статистика институтының мәліметтері бойынша, \(2016\) жыл аясында дүниежүзінде зерттеу және ғылыми ашылулар саласындағы  жұмысшылардың үштен бірінен азын (\(29.3\)%) әйелдер құрайды. STEM біліміндегі әйелдер санының өсуінің оң динамикасы сізді алдаусыратпасын. Шын мәнісінде ол «ағып тұрған құбырға» ұқсайды: әйелдердің күннен-күнге ғылым жолында мансабын жалғастыруы азайып келеді. Ал докторлық дәреже туралы сөз қозғайтын болсақ, құбыр аяусыз «ағып барады» және әлем көптеген әлеуетті ғалымдар мен инженерлерді жоғалтып жатыр.

Ғылымдағы, әсіресе, инженерия мен компьютерлік ғылымдағы әйелдердің жолы өте азапты. Осы уақытқа дейін және әлі де ғалым әйелдерге дискриминациямен, стереотиптермен және тысқары пікірлермен барлық жерде күресуге тура келеді: мектеп табалдырығынан бастап, университет зертханасы мен машина жасайтын цехқа дейін. Есіктер құлыптаулы, қанша соқсаң да, шынымен де, солай ма?

Бұл мақалада біз әйелдердің робототехникадағы орны туралы, оларды техникалық ғылым салаларында неліктен сирек кездестіретіндігіміз жайлы білетін боламыз және барлық жағдайларға қарамастан әлемді өзгерте алған, осындай шабыттандыратын инженер әйелдер туралы сөз қозғаймыз.

Ғылым қатарының азаюы

Теологиялық, философиялық, әдеби, әлеуметтік, тіпті ғылыми наным-сенімдерде «әйел» интеллект жағынан төмен, әлсіз және эмоцияға берік жан ретінде ұсынылады; ал «еркек» санасы зиялы, күшті және рационалды тұлға ретінде сипатталады (Keller, \(1985\)). ЮНЕСКО-ның \(2017\) жылғы баяндамасында қыздар мен ұлдарға арналған STEM біліміндегі гендерлік айырмашылықты ерте жастан бастап және бастауыш мектепте байқауға болады және бұл білім берудің келесі жоғары сатыларында айқын көріне бастайды (UNESCO,  \(2017\), б. \(11\)). Нәтижесінде мұғалімдердің көзінде қыздардың техникалық және жаратылыстану ғылымдарындағы ептілігі байқалмай қала береді және олардың қабілеттері қоғам санасында төмендейді. Математикалық және техникалық білімдегі гендерлік алшақтық әдетте тоғыз жаста болады, ал он үштен кейін оны жою мүмкін емес (M. Christie et al). Соңында біз көңіл көншітпейтін нәтижелерді көріп отырмыз: бағдарламашылар, жүйелік талдаушылар, бағдарламалық жасақтама жасаушылар, ақпараттық жүйелер менеджерлері кіретін компьютерлік ғылымда \(30\) жыл ішінде әйелдер үлесі \(32\)% -дан \(25\)% -ға дейін төмендеген.

Әйелдердің STEM-дегі көптеген мүмкіндіктер мен беделдерді, интеллектуалды даму мен жақсы табысты ұсынатын мансапқа жетуіне не кедергі? Бүгінде STEM-де гендерлік теңсіздіктің себептері туралы пікірталастар бір-бірімен өзара байланысқан үш гипотезаға келіп тіреледі.

Бірінші себеп - қыздарға тағылған әлеуметтік сенім мен үміт. Дәл осы факторлар әйелдердің болашақ мамандықтарды таңдауларында шектеулер қояды. Мысалы, инженерия, робототехника және компьютерлік ғылымдар таза «ерлердің» салалары болып көрінеді, ал медицина мен гуманитарлық ғылымдарды «әйелдердікіне» жатқызады. Қоғамда қыздардың үйінді металдан гөрі адамдармен, жануарлармен және өсімдіктермен жұмыс жасағанын жөн деп санайды. Осыдан шыққан нәтиже: әйелдердің тек 14% -ы инженерлік салада жұмыс істейді. Оқу орындарының бейсаналық пікірлері, сондай-ақ, қыздардың өздерінің ішкі көзқарастары олардың STEM-ге деген жолын шауып тастайды.

Екінші себебі: көптеген онжылдықтар бойы қоғамда қалыптасқан әйелдердің мінез-құлқының дәстүрлі модельдері. "Мақсаттарға сәйкес келу" гипотезасы әйелдердің гендерлік мақсаттары STEM жұмысының үлгілерімен, мүмкіндіктерімен және жетістіктерімен үйлеспейді деп ойлап, әлеуметтік-мәдени қысымға да, психологиялық бағдарға да негізделіп, олардың STEM саласынан бас тартуын көрсетеді. Міне, осылайша көзқарас пен қоршаған орта сәйкес келмейді. Мысалы, үлкен ықтималдықпен дәл әйелдер отбасына пайда әкелетін, төмен ақы төленетін, толық емес жұмыс істеуді немесе қоғамдастықтың мақсаттарына жету үшін адамдарға байланысты болып табылатын қызметті таңдайды. Осылайша әйелдердің өздері үшін де «гендерлік» тұлғасын «ғылыми» тұлғасынан бөлу қиынға соғады: гендерлік әлеуметтену STEM-де де болады.

Және де соңғы үшінші себеп басқа ғалымдардың үлгі-өнегесі мен мотивациясының болмауында жатыр. Көбінесе біз өзімізге ұқсайтын адамдарға тартамыз. Егер біз сияқты біреу арманын орындай алса, онда біз де жасай аламыз деп ойлаймыз. STEM-мен айналысатын әйелдер саны аз болғандықтан қыздарға еліктеуге тұрарлық адамды табу қиынырақ. Тәлімгерліктің және үлгі болатын тұлғалардың, әсіресе, балалар үшін қаншалықты маңызды екенін ұмытпауымыз керек: олар осындай тұлғаларды байқайды, сүйсінеді және үлкен істерге шабыттанады, ал тәлімгерлердің өздері тәжірибелерімен және білімдерімен жас ұрпақпен бөліседі.

Біз алғашқы екі мәселені тез шеше алмайтын шығармыз, сірә. Алайда біз өз бетімізше қыздардың STEM-ге деген қызығушылығын танытудан қорықпасы үшін сондай мықты әйелдердің бойынан үлгі алатын тұлғаларды тауып, олардың өмірлері туралы айтып беруге күшіміз бар. Біз сіздерге жеке өмірлері мен қоршаған әлемді өзгерту үшін жолдарындағы барлық кедергілерді жеңе білген инженер әйелдердің екі ерекше мысалын ұсынамыз.

Елена Гарсия Армада және бионикалық экзоскелеттер

«Мені қатты ақылды адам деп айтуға келмейді. Дегенмен мен жұмыс істеуге қабілетті тұлғамын және менің нақты мақсаттарым бар. Мен күрескермін. Егер мен ойынның шынымен де тұрарлық екенін сезсем, мен бәріне күмәнсіз қол жеткіземін», -  деп  біздің әлемді жақсартатын және инклюзивті ететін көрнекті робототехник ғалым, Доктор Елена Гарсиа Армада, өзі туралы соншалықты қарапайым, сонымен қатар, сенімді айтады.

Елена Гарсия Армада. Дереккөз: Wikimedia Commons

Елена Гарсия Армада \(2002\) жылы өнеркәсіптік робототехникада жұмысын бастап, Мадрид политехникалық университетінде инженерлік робототехника саласындағы докторлық дәрежесін алды. Диссертациясын қорғағаннан кейін ол автоматтандыру және робототехника орталығына (Center for Automation and Robotics, CAR) қосылды.

Алайда \(2009\) жылы Елена Гарсия жол апатынан кейін ауыр тетраплегияға шалдыққан алты жасар қыз Даниеламен кездескенде бәрі өзгерді. Екеуі үшін де бұл кездесу тағдырлы болды: «Мен оған көмектесе алатынымды көрдім», - дейді Гарсия. Содан кейін ол сол замандағы медицинада қол жетімді болмаған роботтық экзоскелеттерді балаларға арнап жасауға бел буады.

Бионикалық экзоскелет - бұл адамдардың бүкіл денесі мен аяқтарын тірейтін жақтау тәрізді бекітілетін механикалық костюм. Осылайша роботтық экзоскелеттер дегенеративті жүйке-бұлшықет ауруларымен ауыратын адамдарды, сондай-ақ, апат салдарынан жүру қабілетінен айрылған адамдарды оңалту үшін жүру кезінде қолдау көрсетеді.

Гарсиа Армада өзінің барлық білімін роботтардың қозғалуы мен биомиметикасында қолданған үш жылдық зерттеулерінен кейін кішкентай Даниэла қайтадан ATLAS экзоскелетімен аяқтарына тұрып, жүре алды. \(2010-2013\) жылдар аралығында ATLAS жобасы биониканы дамытудағы маңызды кезеңге айналып, халықаралық деңгейде танылды. Ол балаларға киюге болатын алғашқы экзоскелет ретінде атанды, сонымен қатар, тетраплегиямен ауыратын адамдарға арналған сынақтардан өтіп, \(8\) марапат пен екі құралдың патенттеріне ие болды.

ATLAS бионикалық экзоскелеті, 2020. Дереккөз: Marsi Bionics

KINDER (\(2013-2016\) жж.) және EXOTrainer (\(2015-2017\) жж.) жобалары басқа жұлынның бұлшықет атрофия ауруына мақсатталған. Елена Гарсиа Армада тобы ЖБА-мен ауыратын балаларға арналған ATLAS \(2020\) атты әлемдегі алғашқы бионикалық экзоскелетті жасады. Ол пациенттің қандай қимыл жасау керектігін анықтай алу арқылы ары қарай қимылын интерпретациялайтын интеллектуалды буындармен жабдықталған. Бұл жүру қабілетін жоғалтуға байланысты ауыр физиологиялық асқынуларды тежеуге көмектеседі. Сонымен қатар, жаңа жобалар (EXORAPI және ORION) Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы және нәрестелік церебралды сал ауруы бар балаларға үміт береді.

\(2013\) жылы Елена Гарсиа Армада бұлшықет қимылын имитациялайтын және жүруге күш беретін шағын қозғалтқыштар негізінде реттелетін балалар экзоскелеттерін жасауға мамандандырылған CAR-дың еншілес компаниясы - Marsi Bionics-тің ортақ құрылтайшысы атанды. Marsi Bionics экзоскелеттері ARES деп аталатын реттелетін қаттылық байланысы арқасында жоғары өнімділікті қамтамасыз етумен танымал. Осылайша Marsi Bionics экзоскелеттері оңалту мен физиотерапияда кеңірек қолданыла бастап, әр пациенттің қажеттіліктеріне бейімделе отырып, жеке басты терапияны ұсынады.

ATLAS 2030 экзоскелеті - бұл Marsi Bionics-тің жаңа жобасы. Ол өзінен бұрынғы ATLAS 2020-ның сәтті нәтижелерінен кейін іске қосылды. ATLAS 2030 зертханадан шығып үлгерді және өнеркәсіптік өндіріс сатысында, сондай-ақ, Париждегі Раймона Пуанкаре ауруханасының және Мадридтегі Ла-Пас университеттік ауруханасының клиникалық бағасын күтуде. Дереккөз:Marsi Bionics.

Робототехникадағы мансабында Елена Гарсиа Армада \(30\)-дан астам түрлі марапаттарға ие болып, Испаниядағы ең көрнекті ғалымдардың ондығына кірді. Ол робототехника туралы испан тілінде екі кітап жазды және Innova Award eVIA \(2014\) сыйлығы, CEPY-ME \(2015\) үздік кәсіпкерлік жобасы және денсаулық сақтау саласындағы үздік технология үшін ABC Health Award сыйлығы (\(2016\) ж.) сияқты марапаттардың иегері атанды. \(2018\) жылы Елена Гарсия Мадридтің алтын медалін де алды.

Елена Гарсия Армада - 2018 жылы Мадридтің алтын медалінің марапаттау мерекесінде. Дереккөз: Dr. Elena García Armada

Елена Гарсия Мадридтің Политехникалық Университетіндегі (UPM) Испания Жоғары Ғылыми Кеңесінің (CSIC) ғалымдар тобын басқара отырып,  Автоматтандыру және Робототехника орталығында (CAR) жұмысын жалғастыруда. Елена Гарсия Армаданың арқасында әлемдегі \(120 000\)-нан астам бала қайтадан жүре алады. Және Елена Гарсия Армада өзінің әлемдік ғылыми қоғамдастықта танылғандығына қарамастан, аяғына нық тұрған баланың күлімсіреуінен артық сыйлық жоқ екендігіне сенімді.

Әсел Аяпова, энергетика және дрондар

«Бағдарламаға келгенде мен роботтар мен дрондар туралы ештеңе білмедім. Бірақ мен бұл саланы меңгере алатындығымды білдім », - деп өзіне де, бүкіл AES корпорациясына да мүлдем жаңа және әлі де зерделенбеген жобадағы тәжірибесі туралы Әсел Аяпова атап өткен болатын.

Әсел Аяпова. Дереккөз: Ұлы дала тарландары
AES Corporation - Fortune \(200\) тізіміндегі американдық трансұлттық энергетикалық корпорация. AES Corporation \(17\) елге түрлі тарату кәсіпорындары, сондай-ақ жылу және жаңартылатын энергетика объектілері арқылы энергия береді. Жұмыс күші \(21 000\) адамды құрайды. \(2015\) жылы кіріс \(15\) миллиард долларды құрады, ал активтердің жалпы көлемі бойынша компания \(37\) миллиард долларға иелік етеді және басқарады.
\(1997\) жылы AES Қазақстан Үкіметімен шартқа қол қойып, бірден \(4\) ЖЭО – Өскемен, Лениногор, Семей және Согра, сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-ін сатып алды. 20 жыл ішінде корпорация ел экономикасына \(400\) миллион доллардан астам инвестиция салды, бірақ \(2017\) жылы Қазақстанның энергетикалық нарығынан кетуді жөн көрді.

Әселдің өмірі Оралда басталды. \(90\)-жылдары осында ол қазақ физика-математика лицейін бітіріп, кейін Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне экономист мамандығына түсті.

\(2011\) жылы Әсел "AES Согра ЖЭО" ЖШС жобасының жетекшісі болып, AES корпорациясына қосылды. Бұған дейін энергетиканы зерттемеген Әсел үшін бұл жоба сын-тегеурінге айналды: "Мен энергетикада жаңа тұлға бола тұрып, Өскеменге жетіп келдім. Осы станцияда қара күндерін де кезген энергетик ер адамдарды кездестіріп, олардың қандай да бір энергетик емес қыз жобаны басқарады деп ойлап, маған сенім артпайтындарын түсіндім. Олардың мені маман ретінде мойындап, олардың маған сенім артуларына қол жеткізу үшін жарты жылдай уақыт кетті."- деді Әсел №1 Турбинаны қайта құру және жаңғырту жобасының жетекшісі ретіндегі алғашқы тәжірибесі туралы.

Әсел Аяпова өндіріс ошағында. Дереккөз: EXPO&WOMEN

Алайда \(6\) жылдық ерен еңбектің ішінде Әсел мықты команда құрып, электр станциясында қандай да бір оқыс оқиғаларсыз \(2\) жобаны мерзімінен бұрын аяқтай алды. Кейін Әселді күрделі жобаларды басқару жөніндегі директорға дейін көтерді, содан кейін ол Қазақстандағы AES аса маңызды объектісі болып табылатын "AES Өскемен ЖЭО" ЖШС-тегі №12 турбинаның құрылысын басқарды. \(17\) елден келген AES түрлі бизнесінің \(600\)-ден астам жобасы қатысқан AES Corporation-нің AES Global APEX Award жаһандық байқауында Әсел командасы өз шешімдерін жобалауда қорғай отырып, \(2012\) және \(2014\) жылдары тиісінше екінші және үшінші орынға ие болды. Әсел Аяпованың пікірінше, бұл келесі үлкен белеске айналған табыс болды: AES басшылығы Әселді АҚШ-тағы корпорацияның бас кеңсесіне шақырды.

\(2017\) жылдан бастап Әсел \(16\) елді қамтитын энергетика саласында дрондарды қолдануды дамыту жөніндегі Жаһандық инновациялық бағдарламаның (AES Innovative Global Drone Program) директоры болып жұмыс істейді. Әсел AES Corporation-ның энергетика саласындағы адамдардың жұмысын неғұрлым қауіпсіз және тиімді ету мақсатын көздейді. Себебі, тек 2012 жылы әлем бойынша ЖЭО-да жұмыскерлердің өлімі бір тераватт-сағатқа 100000 адамды құрады, ал бұл жол берілмеуге тиіс үлкен сан.

Әсел Аяпова дрондарды енгізу жөніндегі Innovation Congress 2017 конференциясында. Дереккөз:

Энергетикаға дрондарды енгізу жөніндегі бейтаныс жобадағы жаңашылдық пен сын-тегеурін Әселдің назарын өзіне аударды. Міне, ол қайтадан өзін жаңа ортада сынағысы келді. "Біз қауіпсіздікті арттыру бойынша және жылына \(30 000\) сағаттан астам аса қауіпті жұмысты қысқарту бойынша қажеттілікті байқадық. Соңғы \(3-4\) жыл әртүрлі технологияларды тестілеуге және ішкі бағдарламаларды құруға арналды. Қазіргі уақытта бізде энергетикалық секторға енгізілетін кемінде \(150\) ішкі ұқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары бар" – дейді Әсел дрондарды енгізу бағдарламасы туралы. Өнеркәсіпте дрондарды қолдану бойынша бір жыл жұмыс істегеннен кейін бағдарлама AUVSI Award \(2018\) байқауындағы Operations and Safety санатында екінші орынды иеленді, нақтырақ айтқанда NASA жобасынан кейінгі екінші орын. Сол жылы бағдарлама S&P Platts Global Energy Award \(2018\) for Commercial Technologies of the Year байқауының финалына кірді.

\(2019\) жылы Әсел бүкіл әлем бойынша компаниялармен жұмыс істей отырып, энергетикадағы дрондар мен роботтар жөніндегі халықаралық коалицияның сараптамалық кеңесінің мүшесі болды, сондай-ақ американдық "Women and Drones" қауымдастығына кірді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеу, оларды AES платформасында біріктіру және басқару мен жоспарлау істері Innovative Global Drone Program жобасын Әсел үшін \(15\) жылдық проджект-менеджменттегі ең сүйікті жобасына айналдырды.

Өзінің мансабы жолында Әсел Аяпова Қазақстандағы түрлі конференцияларда спикер ретінде сөз сөйлеп, қыздар мен әйелдердің технологияға қалай келе алатындығын айтып берді. Осылайша ол АЭФ-\(2019\) бағдарламасының "Ғылым, инновация және бизнестегі әйелдер" сессиясында және "Жібек жолының көшбасшы әйелдері" дөңгелек үстелінде сөз сөйледі.

Әсел Аяпова Women 2019 Астана Экономикалық Форумында. Дереккөз:EXPO&WOMEN

\(2019\) жылы Әсел Аяпова "Бизнес" санатында "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасын жеңіп алды. Қазіргі уақытта Әсел AES Corporation-да жұмысын жалғастыруда, сондай-ақ, Дьюк университетінің (Duke Fuqua) бизнес-мектебінде оқиды және ауылдық жерлердегі дарынды балаларға әлемнің беделді жоғары оқу орындарына түсуге көмектесетін "iQanat" білім беру қорының меценаты болып табылады.

"Мен – бір нәрсені шынымен қалап, оған қол жеткізе алатын адамның мысалымын", – деп әйел ретінде кез-келген маман бола алатындығын, соның ішіндегі, басқарушы, энергетик, бизнестегі робототехник екендігін дәлелдеген Әсел Аяпова өзін-өзі сипаттайды.

Қорытынды

STEM-де әйелдер үшін әсіресе қиын екендігін жоққа шығармайық. Инженерлік немесе IT сияқты "ерлердікі" деп аталатын салаларда өздерін тапқан бірнеше әйелдер жұмыста кемсітушілікке тап болады: олардың жобаларға қосқан үлестері байқалмайды, тәжірибелері төмендетіледі және әйелдердің өздері иеліктен кетеді. Ал мұның бәрі STEM-де тамыр жайған үлкен гендерлік проблеманың нәтижесі. Дегенмен осылай әрдайым бола бермейді! Ғылым мен технологиялардағы теңдікті зерттей отырып, сондай-ақ, нәзік жанды ғалымдар туралы айта отырып, біз өзіміздің көтерілуімізге мүмкіндік бермей тұрған "әйнек төбені" бұзамыз. Елена Гарсия Армада мен Әсел Аяпова сынды тұлғалар  бұған дәлел.

«Beyond Curriculum» қоры «Beyond Robotics» жобасы аясында материалдар циклын «Шеврон» мемлекеттік-жеке меншік серіктестігінің және АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен жариялауда.

Аударған: Дильназ Жемісбек

Дереккөздер

Christie, M., O’Neill, M., Rutter, K., Young, G., & Medland, A. (2017). Understanding why women are under-represented in science, technology, engineering and mathematics (STEM) within higher education: A regional case study. Production, 27 (SPE).

Keller EF. (1985) Reflections on gender and science. New Haven, CT: Yale UP.

United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization (UNESCO). Cracking the Code: Girls’ and Women’s Education in Science, Technology, Engineering and Mathematics (STEM). Paris: UNESCO; 2017.